Алматының Наурызбай ауданында жыл басынан бері 65 км электр желісі жөнделді

Алматының Наурызбай ауданында жыл басынан бері 65 км электр желісі жөнделді
Сурет: ашық дереккөз

Бұл шаралар тұрақты электрмен жабдықтауды қамтамасыз етуге және апат салдарынан болатын электрдің өшуін азайтуға мүмкіндік береді, деп мәлімдеді ӨҚҚ брифингінде Наурызбай ауданының әкімі Назира Тоғызбаева, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

«Шұғыла, Ақжар, Таусамалы, Құрамыс, Рахат, Қарағайлы және Қалқаман шағын аудандарының аумағында электр желілері мен трансформаторлық қосалқы станцияларды жаңғырту шеңберінде 65 км электр желісі мен 39 трансформаторлық қосалқы станциялар ауыстырылды және жөнделді», - деді Н. Тоғызбаева.

Аудан аумағы 98%-ға сыртқы жарықтандыру желілерімен жабдықталған. Ағымдағы жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 43 шақырым 59 көшеде сыртқы жарықтандыру құрылысы бойынша жұмыстар аяқталды, сондай-ақ қоғамдық кеңістіктерде, балалар ойын алаңдарында және жаяу жүргіншілер аймақтарында 400-ден астам жарықтандыру тіректері орнатылды.

Аудан әкімі өз сөзінде тұрғындардан аудан аумағында көше жарығының жоқтығына көптеген шағымдар келіп түсетінін атап өтті. Бұл мәселені шешу үшін қала әкімінің тапсырмасы бойынша «Алматы Қала Жарық» АҚ  күтіп ұстауға және ағымдағы жөндеуге 325 млн теңге бөлінді.