Бір ауылдың перзенттері

Бір ауылдың перзенттері
almaty-akshamy.kz

кітапханада кездесіп, туған жер туралы сыр бөлісті

Алматының А.П.Чехов атындағы Орталық қалалық кітапханасында «Ұлы дала елі» жобасы аясында «Туған өлкем ажарлы, аса көркем» атты рухани кеш өтті. Оған Жамбыл облысынан шыққан, сол топырақтан нәр алып, өсіп-өнген, ару Алматыға келіп, түрлі салада өзіндік жарқын қолтаңбасын қалдырып жүрген елге белгілі тұлғалар шақырылыпты. Меймандар туған ел, жер туралы сыр бөлісті.

Сөз басында кітапхананың «Ұлы дала елі» деген төл жобасы туралы айта кетсек, артық болмас. Бұл жоба 2022 жылы құрыл­ған. Мақсаты – республикадағы 20 облыс­тың тарихы мен мәдениетін таныстырып, сол өңірдің май топырағында аунап, мөлдір суын ішіп өскен атақты ақын-жазушылар, әншілер, күйшілер және беделді кәсіпкер­лермен әдеби-танымдық кештер ұйымдас­тыру. Жоба аясындағы алғашқы кездесу сол жылы киелі Түркістан облысынан шыққан белгілі тұлғалардан бастау алған болатын. Яғни Темірғали Көпбаев, Ерма­хан Шайхы, Сәкен Сыбанбай, «МұзАРТ» тобының әншісі Кенжебек Жанәбіловтің және «Әгугай» ансамблінің қатысуымен әдеби-сазды жақсы бір кеш өткен болатын.

Бұл жолы Жамбыл өңірінің майталман­дары, атап айтсақ, журналист-жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, «Құрмет», «Пара­сат» ордендерінің иегері Қали Сәрсенбай, дәстүрлі әнші, ҚР еңбек сіңірген қайрат­кері Сәуле Жанпейісова, «Шалқар» радио­сының директоры, ҚР Президенті сыйлы­ғының лауреаты Болатбек Төлепберген, дәстүрлі әнші, ҚР еңбек сіңірген қайрат­кері Ардақ Исатаева келді. Ең қызығы сол, кітапхана оқырмандарымен кездесуге келген төрт мейманның төртеуі де бір ау­дан тұрмақ, бір ауылдан, тіпті төртеуінің де үлкен өмірге жол көрсеткен аяулы ұс­таздары жазушы Пернебай Дүйсенбин бо­лып шықты.

Бұл орайда осы кешті ұйымдастырушы кітапханашы Айнұр Балаубаева: «Ел ал­дында жүрген бұл кісілерді Жамбыл облы­сының перзенттері екенін білемін, ал ау­дан - ауылдарына мән бермеппін. Жастардың алдында айтары бар адамдар деп, таңдауымыз осы жандарға түскен бо­латын. Сөйтсек, төрт қонағымыз да Сары­су ауданының Жайылма ауылынан болып шықты, бұл – кездейсоқтық», – деп ағынан жарыла күлді.

Иә, Жамбыл облысы да көптеген нар тұлғаларымызды дүниеге әкелген киелі жер. Атап айтатын болсақ, қазақ халқының бас биі Төле би, өлең-сөздің дүлдүлі, жы­ рау, жыршы Жамбыл Жабаев, жауырыны жерге тимеген қазақ балуаны Балуан Шо­лақ, қазақтың әйгілі халық ақыны Кенен Әзірбаев, Кеңес Одағының Батыры Бауыр­жан Момышұлы, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза, кино және театр актері, КСРО халық артисі Асанәлі Әшімұлы секілді тұлғалар дүние есігін ашқан қасиетті өңір.

Кітапхананың жас оқырмандары алды­мен лед-экраннан Жамбыл облысы жайын­да түсірілген бейнежазбаны тамашалады. Сосын жазушы, журналист, әнші мейман­ дар өткенге саяхат жасап, туған жер жа­йында, елдің қадір-қасиеті туралы тағы­лымды әңгімелер айтып, жастарды ұйытты. Қали Сәрсенбай «кітапханаға кітапсыз ке­луге болмайды» деп, Сарысу ауданының перзенті Илья Жақанов туралы жазылған «Дүлдүл» кітабын және «Қазақтың Қады­рын» (ақын Қадыр Мырза-Әлі туралы) сыйға тартты. Ал бала күндерінен домбы­раны серік етіп келе жатқан қос ару – Сәуле Жанпейісова мен Ардақ Исатаева қонақкә­де ретінде жырдан шашу шашып, рухани кештің әрін кіргізді.

Зиялының сөзі

Қали СӘРСЕНБАЙ, қаламгер, ҚР Президенті сыйлығының және  Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты:

ТОЛҒАНДЫРАТЫН, ТОЛҚЫТАТЫН ТАҚЫРЫП

Туған жер деген кім-кімді де толғандыратын, толқытатын тақырып. Әркімнің де кіндігі туған жерге, туған топыраққа байлаулы ғой. Ел, жер дегенде құлағы елеңдемейтін, жүрегі елжіремейтін адам болмас. Менің түсінігімде, адам баласы үш жағдайда өзгеше толқуды басынан кешіреді. Мысалы, туған жерге табаның тигенде, сосын өзің оқыған мектеп табал­дырығын аттағанда, содан кейін әке-шешең, бүкіл ата-бабаң жатқан жердің күші. Міне, осы жағдайларда өз басым ерекше күйге енемін.

Біздің Шер-ағаң «Алдымен елге тигізер пайдаңды ойла, өз пайдаң со­ның ішінде» дейтін. Саналы ғұмырымызды елге қызмет етуге жұмсап ке­леміз. Бір оқиғаның еске түсіп тұрғаны. Сонау 90-жылдары біздің Сарысу ауданына облыс әкімі бірде-бір рет келмепті. Ауылдағы ағайын тірі әкімді ешқашан көрмеген ғой. Ауызсу жоқ, жердің шаңы шығып жатыр, жол тозған, ауру қозған. Соны көтеріп үлкен мақала жазып, нәтижесінде ауда­нымызға облыс басшысы келіп, бәрін көзімен көріп, үлкен қозғау болып, халық бір жасап қалғаны бар. Мұны мақтаныш үшін айтып отырғаным жоқ. Әркім өзінің мүмкіндігіне қарай пайдасын тигізеді туған жеріне. Мен елдің, жердің жағдайын қолымдағы қаламыммен жаздым, туған өл­кеме солай қызмет қылдым. Ал мына Сәуле, Ардақ апайларың елдің ру­хын ән-жырмен көтеруге көп еңбек етіп жүр. Жергілікті талантты жастар­ды жарыққа шығарды. Туған жер – біздің әрдайым жүрегімізде. Сондықтан жиі барып тұрамыз.  

«Аlmaty-akshamy», №137, 16 қараша, 2023 жыл