Қазақстанда мыңға жуық делдалдық схемалар анықталды

Қазақстанда мыңға жуық делдалдық схемалар анықталды
primeminister.kz

Сенат отырысынан кейін өткен БАҚ-қа арналған брифинг барысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының республикадағы инфляцияны екі есе төмендету туралы тапсырмасының орындалу барысы туралы айтып берді, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Премьер-Министр жылдық инфляция ақпан айында шарықтау шегіне жетіп, қазан айының қорытындысы бойынша 10,8%-ға дейін төмендегенін атап өтті.

«Бүгінгі таңда инфляцияның екі есе төмендегенін байқап отырмыз. Жыл соңына дейін оның деңгейі 10%-дан төмен болады деп болжаймыз. Бұл Үкімет пен Ұлттық банк жүзеге асырып жатқан тиісті шаралар кешені нәтиже бере бастағанын көрсетеді», — деді Әлихан Смайылов.

Мәселен, тұрақтандыру қорларының қызметі қайта ұйымдастырылды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыруға басымдық берілді, бұл отандық өндірісті қолдауға, экономиканың осы секторын дамытуға және нарықтағы бағаны тұрақтандыруға ықпал етті. Сондай-ақ маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыру үшін тауарлық интервенциялар жүзеге асырылуда.

Оған қоса өңірлік комиссиялардың бақылау қызметі жолға қойылды. Жалпы мыңға жуық делдалдық схемалар анықталды.

Сонымен қатар халықты арзандатылған азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін еліміздің барлық өңірінде апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіледі. Ұн мен әлеуметтік нан бағасының өсуін тежеу мақсатында «Азық-түлік корпорациясы» қорларынан өңірлерге арзандатылған астықты жеткізу бойынша шаралар қабылданып жатыр.

Премьер-Министр орта мерзімді перспективада инфляцияны тағы 2 есеге, яғни 2026 жылы 5%-ға дейін төмендету жөніндегі жұмыс жалғасатынын атап өтті.