Наурызбай ауданының 35 мың тұрғыны сапалы сумен қамтамасыз етілді

Наурызбай ауданының 35 мың тұрғыны сапалы сумен қамтамасыз етілді
Сурет: ашық дереккөз

Наурызбай ауданының 35 мың тұрғыны магистральдық су құбыры мен сорғы станциясы салынғаннан кейін сапалы сумен қамтамасыз етілді

2023 жылы Наурызбай ауданының аумағында каскадты сорғы станциясының құрылысы аяқталды. Бұл туралы Алматының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Наурызбай ауданының әкімі Назира Тоғызбаева мәлімдеді, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

«Сондай - ақ, «Қарғалы» және «Ақсай» су сүзгі станциялары салынып жатыр. «Қарғалы» станциясында жұмыс 85%-ға аяқталған. Жоспар бойынша 2023 жылдың соңына дейін станция іске қосылады. Бұл жобаны іске асыру 70 мың тұрғынды сапалы сумен қамтамасыз етеді», - деді Н. Тоғызбаева.

«Ақсай» су жинағышы бойынша құрылыс жұмыстары 40% орындалды. Жобаны іске асыру мерзімі 2025 жылғы желтоқсанға дейін. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін 100 мың тұрғын сумен қамтамасыз етіледі.

Наурызбай ауданының әкімі Назира Тоғызбаева өз сөзінде су құбыры желілерін салу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы да атап өтті.

«Өздеріңіз білетіндей, орталықсыздандыру аясында инженерлік желілерді салу бойынша функциялар аудан әкімдіктеріне ауысты. Осы жылдың соңына дейін төрт шағын аудан бойынша сумен жабдықтау және кәріз желілерінің жобалары одан әрі іске асыру үшін аудан әкімдігіне берілетін болады. Осылайша, 2025 жылдың соңына қарай 335 км сумен жабдықтау және кәріз желілері салынады, сондай - ақ Наурызбай ауданын сапалы және үздіксіз сумен қамтамасыз ету мәселесі шешіледі», - деп қорытындылады Н. Тоғызбаева.