Су тасқыны әлем бойынша жиілеп барады

Су тасқыны әлем бойынша жиілеп барады almaty-akshamy.kz

Еліміздің бірқатар өңірінде су тасқынынан болған табиғи апаттар ел экономикасы мен әлеуметтік өмірімізге қаншалықты қауіп төніп тұрғанын  көрсетті. Назар аударарлығы, соңғы он жылдықта әлем елдерінде су тасқыны апаттары жиілеген. Әрі жиілігі барған сайын артып, көлемдері де, келтірген шығындары да өсе түскен. Тұтас жаһан климат өзгерісін бастап кешіріп жатқан тұста табиғи апаттардың себебі мен салдарына қатысты жалпы жұртшылықтың кеңірек мәліметке ие болуы маңызды. Сондықтан да соңғы жылдары әлем елдерінде болған апаттарға қатысты шолу жасай отырып, олардың себебі мен салдарына қатысты мәліметтерді оқырмандарға саралап ұсынғанды жөн көрдік.


 


Сан түрі мен себебі бар


Су тасқыны – қоршаған ортаға және қоғамға әсері терең, ең жойқын табиғи апаттардың бірі. Ол миллиондаған адамның өміріне, өндіріс пен тұрмысқа, экономика мен саясатқа да зор әсерлерін тигізіп жатады. Әдетте, экологтар су тасқынын бірнеше түрге бөліп қарастырады. Айталық, жауын-шашын себебінен болатын сел немесе арнасын өзгерткен өзен-көлдер суының тасуы. Себептері әртүрлі болып келгенімен, құрлық өңірлердегі су тасқыны негізінен жауын-шашынның көп жаууынан болады. Ал теңіз жағалауларында теңіздің толқуы, тропиктік дауылдар, жер жыныстарының қозғалысы сынды түрлі себептер бар. Қар-мұздардың жылдам еруінен, сеңдердің өзен арналарын бұзуынан болатын су тасқындары сирек кездесетін түрі ретінде қарастырылады.


Бұл айтылғандардан тыс жасанды су қоймаларының бүлінуінен болатын түрі де жойқын апатқа алып келеді. Су бөгеттерінің бұзылуынан болған ең жойқын апат 1989 жылы АҚШ-та тіркелген. Джонстаунда, Пенсильванияда су бөгеті толассыз жауын салдарынан жарылып, маңындағы қала мен елдімекендерді шайып кеткен. Бұл апатта бар-жоғы бірнеше минут ішінде 2200-ден астам адам опат болған деседі. Елімізде де су тасқынының бұл түріне жататын мысалдар бар.


 


Әлем бойынша жиілеп барады


Зерттеушілер су тасқындары әлемде жылдан-жылға жиілей түскенін айтады. Мәліметтерге сай, соңғы 30 жыл ішінде әлемде болған су тасқынынан 2 миллиардтан астам адам зардап шеккен екен. Ал деректер бұл сандардың жыл сайын өсе түскенін аңғартады. Мұны мамандар климаттың өзгеруімен байланыстырады. 2021 жылғы зерттеу нәтижесі көрсеткендей, бір ғана Батыс Еуропа жағдайында су тасқындары бұрынғыдан 19 пайызға өскен. Сол жылы дамыған елдер орналасқан бұл аймақта 200-ден астам адам су тасқынынан көз жұмған.


Зерттеушілердің болжамынша, ғасырымыздың соңына қарай су тасқындары әлемдік ЖІӨ-нің 11%-ын қысқартуы мүмкін. Табиғи апаттың бұл түрі ресурстар мен экономикалық зор шығындарды тудыратындықтан, оның орнын толтыру тым ұзақ уақытқа созылатынын да ескертеді.


Соңғы 20 жыл ішінде тасқын салдарынан баспанасын тастап кеткен немесе қоныс аударуға мәжбүр болған адамдар саны 86 миллионды құрайды екен.


Ең қауіпті салдарлар



  • Адамдар қаза табады, баспанасынан айырылады, елдімекендер жойылады;

  • Маңызды әлеуметтік нысандар қирайды (емханалар, мектептер, т.б. ғимараттар);

  • Инфрақұрылымдарды жарамсыз етеді (жолдар, көпірлер, су қоймалары, кәріз жүйесі, су құрылыстары);

  • Экономикалық ауыр шығындарға алып келуі мүмкін (Ауылшаруашылығы салаларын, өнеркәсіп ошақтарын шығынға ұшыратады, сауда қарым-қатынасы мен туризм ағынына, азық-түлік пен тұрмыстық тауарлардың бағасына әсер етеді);

  • Ауыр болған жағдайда тұтас қалалардың жойылуына, ұзаққа созылған әлеуметтік-экономикалық дағдарыстарға жалғасады.


 


Азия жағдайы алаңдатады


БҰҰ мамандарының есебінше, климат өзгерісінің әсері Азиядағы су тасқындарын жиілеткен. Азияның халық саны ең тығыз аймақтары муссондық маусымдарды бастан өткеретіндіктен, жаңбырлы маусымдар бұрынғыдан ертерек келуде немесе кеш аяқталуда. Бұл ауқымды өзгерістер осы аймақтардағы өсімдік қабаттарына да әсер етуде. Егін шаруашылығының түсімдері бұрынғыдан көрнекті азайған.


Тіркелген мәліметтер ыстық белдеудегі елдердің су тасқынынан көбірек зардап шегіп келе жатқанын көрсетеді. Мысалы, 2020 жылы Бангладеш елінің үштен бірі су астында қалды. Осыған ұқсас Үндістанның өзенді өңірлері, жаңбырлы маусымдарды өткеретін аймақтарда 150 миллионнан астам адам  тасқыннан зардап шекті. Ал климат өзгерісіне байланысты Ливияда су тасқынының мөлшері 50 пайызға дейін көбейген.


 


Кешенді шаралар қабылдануы керек


Су тасқындарының ықтималдығы жыл сайын артып жатқаны мәлім. Демек, еліміз үшін де қысқа мерзімде жүзеге асыратын әрі кешенді шаралар керек. Тасқын қатері бар өңірлерде тасқынға бейімделу стратегиялары жасалып, оған мемлекеттік бюджеттен жүйелі инвестиция салынуы тиіс. Бұндай өңірлерде инфрақұрылымдарды  су тасқынына төтеп бере алатындай, тіпті одан қорғанатындай етіп құру маңызды. Бұл арада бізге Жапонияның, Қытайдың және Нидерландының тәжірибелерін саралап көруге болады. Аталған елдерде «Икемді қала», «Тосқауыл жолдар» немесе «Теңіз бөгеттері» сынды ұзақмерзімге жарамды жобалар жүзеге асырылған. Яғни әрі жол әрі су бөгеті рөліндегі жолдар, тасқын суын бұрып, су қоймаларына апаратын жер асты құбырлары, теңіз тасқынынан қорғанатын бірнеше қабаттан тұратын бөгеттер сынды қажетті инфрақұрылымдар құрылуы тиіс.


Қала құрылысын жүйелі әрі ғылыми дамыту басты назарда болуы тиіс. Қалаларда халық тығыз қоныстанатындықтан, лезде болатын су тасқындарынан келетін адам шығыны да аз болмайды. Сондықтан кеңейіп жатқан қалаларда ең алдымен табиғи апаттардың қатері ескеріліп, қауіпті жерлерге үй-құрылыс салуға қатаң шектеу қою маңызды.


Бұларға қоса, төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылдар ғылыми тұрғыдан бірізділікке келтірілуі, әр өңірде су тасқыны кезінде халықты құтқаруға, әлеуметтік нысандарды қорғап қалуға жұмсалатын материалдық қор жинақталуы, тасқын туралы  алдын ала ескерту беретін сигнал жүйесі тұрақты  жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Ең маңыздысы, халықты табиғи апат кезінде сауатты әрекет етуге тәрбиелеп, ұдайы оқу-жаттығуларын ұйымдастырып отыру – адами, материалдық, экономикалық шығындарды барынша азайтуға мүмкіндік бермек.




 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:10

11:47

11:30

10:57

10:06

09:34

09:07

08:48

08:01

19:58

19:29

19:08

18:50

18:14

18:03

17:48

17:33

17:22

17:10

16:42

16:30

16:21

15:58

15:37

15:19