ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ: 30 ЖЫЛДЫҢ 30 СӘТІ

ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ: 30 ЖЫЛДЫҢ 30 СӘТІ almaty-akshamy.kz

Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын –біздің ертеңгі үмітіміз,сенімді тірегіміз.                                                                                                          


Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.



 


2013  ЖЫЛДЫҢ  БАСТЫ  ОҚИҒАЛАРЫ


 



  1. Әкімшілік мемлекеттік қызметті реформалау

  2. Зейнетақы реформасы

  3. Биліктің жергілікті органдары басшыларының сайлауы

  4. «Болашақ» президенттік бағдарламасының 20 жылдығы.


 


Бұл жыл  Қазақстанды әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына енгізуді мақсат тұтқан «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асырудың алғашқы жылы болды. Сондықтан тәуелсіздігіміздің бұл кезеңі осы Стратегия басымдықтарына сәйкес  мемлекеттік басқару жүйесін сапалы қайта құрудың басталуымен ерекшеленеді. Мемлекеттік басқаруды  орталықсыздандыру мен әкімшілік реформа, құқықтық жүйені жаңғырту, жемқорлықпен күрес -  стратегиялық  алғашқы қадамдар   ретінде қолға алынды. Осы жылғы  маңызды қоғамдық-саяси шаралардың барлығының  негізгі мақсаты Стратегияны жүзеге асыруға бағытталды. Мәселен, 2013 жылдың сәуірінде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: бір халық -  бір ел – бір тағдыр» девизімен өтті. Сессия қорытындысында  Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейінгі  даму  Концепциясы  қабылданды.


Ал, қазан айында өзінің кезектен тыс ХV съезінде «Нұр Отан» партиясы да  жаңа саяси доктринасын бекітті.


Қараша айында Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясы  түлектері мен стипендиаттарының  форумы өткізілді. «Болашақтың» құрылғанына 20 жыл толуына арналған бұл жиында да Стратегия аясындағы мақсат-міндеттер айтылды, жас ұрпақтың мемлекетіміздің ұзақ мерзімді дамуындағы жауапкершілігі мәселелері қамтылды. «Қазақстан-2050» стратегиясы аясында жалпы  Қазақстан халқының рухани дамуының басты  бағдары іспетті – Мәңгілік Ел патриоттық актісі ҚХА-ның XXIV сессиясында   ұсынылып, қабылданды. Бұл жылы әлемнің ірі архивтерінде жатқан Қазақстан тарихына қатысты құжаттарды жүйелі түрде іздеу және зерттеу бойынша «Халық тарих толқынында» атты жоба қабылданды.


2013 жылдан бастап күнтізбеге Отбасы күні енгізілді.  Оны қыркүйек айының екінші жексенбісінде атап өту дәстүрге айналды.  «Мерейлі отбасы» жалпыұлттық байқауы да кеңінен қанат жайды. Осы   жылы ақпан және сәуір айларында дара бітімгер ретінде Қазақстан билігінің  ұйымдастыруымен Алматыда Иранның және «алтылық тобының» (Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Германия) келіссөздерінің алғашқы екі раунды өткізілді. Алматы келіссөздерінің қорытындылары ирандық ядролық бағдарлама аясындағы жағдайларды реттеу бойынша Бірлескен жалпы іс-әрекет жоспарының негізіне алынды.


2013 жылдың маусым  айында еліміздің мәдени өміріндегі елеулі оқиғалардың  бірі –  «Астана Опера» театры  ашылды. Осы айда Елбасы атап өткендей, жаһандық дағдарыс салдарын жеңілдету мақсатында Үкімет «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарын қабылдады. Осы бағдарлама бойынша 2011-2014 жылдар аралығында 470 мыңнан астам адам жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды. 120 мыңнан астамы жаңа мамандықты игерді немесе біліктілігін көтерді, ал 30 мыңдай ауыл тұрғыны кәсібін дөңгелету үшін жеңілдікпен шағын несиелер алды. Нәтижесінде еліміздегі жұмыссыздық деңгейі келер  жылы 5 пайызға төмендеген екен. Жұмысқа орналасқан адамдар саны 8,6 миллион адамға көбейді, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мөлшері азайған. Ірі және орташа кәсіпорындардың 80 пайызында ұжымдық шарт жасалды. Әлеуметтік климатты зерттеу мақсатында мониторинг жарияланып, еңбекті қорғау артты, еңбекақы бойынша қарыздар мен дау-дамайлардың түп мәні анықталды.


Қарашада Президент тапсырмасы аясында Үкімет 2014–2016 жылдардағы көші-қон проблемаларын шешу бойынша Кешенді жоспарды бекітті. Ол ішкі және сыртқы көші-қонға бақылауды күшейтуді, отандық кәсіби мамандар үшін қолайлы жағдайлар туғызуды, сондай-ақ шетелдік жоғары кәсіби мамандардың келуі үшін көмек қолын созуды көздеді.  Мұның бәрі адам капиталының сапасын жақсартуға жәрдемдескені сөзсіз.


Осы айда  Екатеринбургте Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас жаңа бірегей құжатпен – екі мемлекеттің де халықтарының мүддесі мен мақсаттарына толық жауап беретін ХХІ ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық туралы келісімшартпен толықты. Тараптар: мемлекеттік егемендік пен тәуелсіздікке өзара құрмет, теңқұқықтық және ішкі істерге араласпау, күш қолданбау немесе күшпен қорқытпау, аймақтық тұтастық, шекараның бұзылмайтындығы қағидаттарын басшылыққа алу жөнінде міндеттемелер қабылдады.


1  қаңтар


 Еліміздің  бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқын жаңажылдық құттықтауы  жарияланды.  «Еліміз жоғары экономикалық өсімге қол жеткізді. Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті елдер арасында 51-орынға табан тіреді. Бұл – біздің сөзіміз бен ісіміздің бір арнада тоғысқанының, ең бастысы, ел болып бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара алатынымыздың дәлелі. Біздің мақсаткерлігіміз Лондондағы жазғы Олимпиялық ойындар барысында айқын көрінді. Қазақстан құрамасы үздік 12 елдің қатарына кірді. Бұл жеңіс қазақстандықтарды біріктірудің маңызды факторына айналды»,– деді Елбасы.


23 қаңтар


Ақордада  Елбасының төрағалығымен Үкімет мүшелерімен, ҚР Президенті Әкімшілігінің жетекшілерімен жиын өтті. Онда 2012 жыл қорытындыланып, 2013 жылдағы ел дамуының нақты шаралары талқыланды.


30 қаңтар


Мемлекет басшысының  төрағалық етуімен  құқық қорғау органдарының 2012 жылғы жұмысын қорытындылаған  және «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру міндеттеріне арналған кеңейтілген кеңес болып өтті.


4  ақпан


Мемлекет басшысы Ақордада  ел дамуының ағымдағы мәселелеріне қатысты кеңес өткізді. Бас қосуда банк секторы,зейнетақы реформасы, мұнай-газ саласын одан әрі игеру мәселелері талқыланды.


6  ақпан


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мадридте Испания Королі I Хуан Карлоспен кездесті. Мемлекет басшысының бұл  сапары аясында екі елдің туризм мен халықаралық саясат саласындағы, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық бағыттағы  өзара ынтымақтастық  мәселелері қаралды.


8  ақпан  


Елбасы   Ресейге жұмыс сапарымен барды.  Екі ел президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен  Владимир Путин  мемлекеттер ынтымақтастығының  ауқымды мәселелері жөніндегі екіжақты мәселелерге ерекше көңіл бөліп, 2013-2015 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарын талқылап, маңызды  уағдаластыққа қол жеткізді.


1 наурыз


    Мемлекет басшысы  Қазақстанға келген  Францияның Сыртқы істер министрі Лоран Фабиусты қабылдады. Нұрсұлтан Назарбаев  мәртебелі мейманның бұл  сапары екіжақты қатынастардың нығаюының жоғары  деңгейін  танытатынын атап өтті. «Біздің елдеріміздің  ынтымақтастығы серпінді дамып келеді.  Біз  үшін Франция Еуропалық Одақ елдері арасында ірі инвесторлардың бірінен саналады. Қазіргі  уақытта  біз түрлі қызмет салаларындағы 25 бірлескен жобаны іске асырудамыз, екіжақты өзара іс-қимылды дамыту перспективалары өте зор»,– деді Елбасы.


11  сәуір


Нұр-Сұлтанға Қырғыз Рес­публикасының Президенті жұмыс сапарымен келді. Нұрсұлтан Назарбаев пен  Алмазбек Атамбаев  кездесу барысында ынтымақтастықты  одан әрі дамытудың жай-күйі мен перспективаларын, Қазақстан-Қырғызстан бірлескен инвестициялық қоры қызметінің нақты бағыттарын  тұжырымдады.


17  сәуір


Финляндия Респуб­ликасының президенті Саули Ниинистё  Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді.  Ел  Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  пен Саули Ниинистенің кездесуінде тараптар екі мемлекет арасындағы   екіжақты өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары жөніндегі кең ауқымды мәселелерді , оның ішінде екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын тереңдетуді  талқылады.


18 сәуір


 Жоғары қамқоршылық кеңестің шешімімен Назарбаев Университетінің 2020 жылға дейінгі стратегиясы және жаңа Жарғысы бекітілді. Университет классикалық академиялық басқару жүйесіне көшті.


24  сәуір


Нұр-Сұлтандағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық ХХ сессиясы өтті.


Елбасы, Қазақстан Халқы Аассамблеясының  Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен  өткен бұл шара «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бір халық, бір ел, бір тағдыр» тақырыбында болды.


22 мамыр


 Президент Жарлығына сәйкес, экономиканы дамытуға және әртараптандыруға жәрдемдесу, инвестицияларды тарту, кластерлерді дамыту мақсатында «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі құрылды.


23  мамыр


Елордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен VІ Астана экономикалық форумының аясында БҰҰ-ның қолдауымен тұңғыш рет Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференция (БДҚК) өтті.Тәуелсіздік сарайында әлемнің 132 мемлекетінен келген 11 мыңға жуық саясаткерлер  мен  сарапшылар және  осы сала  мамандары  жаһандық  экономиканы дағдарыстан шығару жолдарының түйінді проблемаларын талқылады.


29 мамыр


Елордада  Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің, Беларусь Президенті Александр Лукашенконың  және мүше болуға өтініш берген Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевтың,  байқаушы мәртебесін алуға ниет білдірген Украина Президенті Виктор Януковичтің қатысуымен  Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы болды. 


 1  шілде


Қазақстанға мемлекеттік сапармен  Ұлыбритания Премьер-министрі Дэвид Кэмерон келді. Нұрсұлтан Назарбаев пен Дэвид Кэмерон екі ел арасындағы  ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Кездесу  қорытындысында екі ел арасындағы  Стратегиялық әріптестік жөніндегі бірлескен мәлімдемеге қол қойылды. Ұлыбритания Қазақстанды сауда мен инвестицияға қолайлы басым елдердің тобына қосты.2013–2014 жылдары Франция мен Қазақстан Мәдениет күндерімен алмасты.


15-16  тамыз


Әзірбайжанда түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің (Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығының кеңесі) үшінші саммиті болып өтті. Оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Түркия Президенті Абдулла Гүл,  Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев және Түрікменстан Министрлер кабинеті Төрағасының орынбасары Сапардурды Тойлиев қатысты.


5  қыркүйек


Қазақстан Республикасының Президенті  Нұрсұлтан Назарбаев «Үлкен жиырмалықтың» саммитіне қатысу үшін Ресей қаласы Санкт-Петербургке келді.  Елбасы  G20 саммиті аясында БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунмен,  Ресей Президенті Владимир Путинмен, сондай-ақ, басқа да мемлекеттердің  басшыларымен және делегациялар жетекшілерімен кездесулер өткізді.


6-7  қыркүйек


Қазақстанға  мемлекеттік сапармен  Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин келді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин өзара кездесуге арқау болған  халықаралық мемлекетаралық ынтымақтастық  мәселелерін талқылап,   маңызды уағдаластыққа қол жеткізді.


11  қыркүйек


Дәл осы күні  қазақ мұнайы өндірісінде маңызды қадам жасалды. Солтүстік Каспий қайраңында орналасқан  Қашаған кен орнынан мұнайдың алғашқы баррелі өндіріле бастады.


30  қыркүйек


Қазақстанға ресми сапармен Испания Корольдігі Үкіметінің Төрағасы Мариано Рахой   келді. Ақордада өткен екі жақты кездесуде  Нұрсұлтан Назарбаев пен  Мариано Рахой   Қазақстан мен Испанияның стратегиялық серіктестігін одан əрі дамыту мəселелерін талқылады.


24  қазан


 Беларусь астанасында  Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес  өтті. Кеңес жұмысына қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екінші күні Тəуелсіз Мемлекеттер Достастығы мемлекет басшыларының  басқосуында сөз сөйледі. 


20  қараша


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада  өткен  Қазақстан Республикасы судьяларының VІ съезінің  жұмысына қатысып, сөз сөйледі. «Қазақстанның сот жүйесі алдыңғы қатарда болуы қажет...Барлық құқық қорғау органдары ішінен ең жоғары тұрғаны Жоғарғы cот болып табылады. Жоғарғы cоттың абыройы – Қазақстанның абыройы, жалпы биліктің абыройы. Біз «Қазақстан-2050» Стратегиясын темірқазық ете отырып, сот жүйесін жетілдіруді жалғастыра беруіміз қажет»,– деді Президент.


28  қараша


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, БҰҰ  Ауғанстанға ықпалдастық жөніндегі  миссиясының басшысы  Я.Кубишті қабылдады.


29  қараша


Мемлекет басшысы  Астанадағы Тәуелсіздік сарайында  өткен «Болашақ» халықаралық  бағдарламасының  20 жылдығына  арналған  форумға  қатысып, сөз сөйледі.


14  желтоқсан


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев   «Қазақстан» орталық концерт залында Тəуелсіздік күніне орай өткен салтанатты жиналысқа қатысып, сөз сөйледі.


24  желтоқсан


Ресей астанасы Мəскеуде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің  кезекті басқосуы өтті. Жиында Еуразиялық  экономикалық  одақ   туралы  шарт  жобасы, Армения Республикасының  Кеден одағы мен Біртұтас  экономикалық кеңістікке қосылуының жол картасы,  сондай-ақ  экономикалық  интеграция  мəселелері қаралды.


СТАТИСТИКА:


2013  жылы Президентің қатысуымен 700-ден астам протоколдық шаралар, халықаралық сипаттағы 170 кездесулер мен іс-шаралар өтті. Олардың ішінде екіжақты қарым-қатынас аясында дүниежүзілік 7 сапар, мемлекетаралық 9 саммит, 4 халықаралық форум  бар. Елбасы  республикамыздың 14  өңіріне 23  рет, шет елдерге  16  рет ресми  сапарға шықты.  Бір жыл ішінде барлығы  94 Заң қабылданып,  253  Жарлыққа қол қойылды.Президент  бір жылда 6,8 мың құжаттарды қарап, қол қойған екен.


 


ЖЫЛ  ТҮЙІНІ


Еліміздің 2013 жылғы  әлеуметтік-экономикалық  даму үрдісіне көз салсақ, жыл қорытындысында  ІЖӨ  өсімі   6 пайызға өскенін айтқан абзал. Осы жылдың маусым айында «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңға қол қойылды. Шілде айында  «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» (БЖЗҚ) құрылды.


Бұған дейін елімізде жұмыс істеп келген 11 жинақтаушы зейнетақы қорындағы жалпы жинақ көлемі 3,116 триллион теңгені (21 миллиард доллар) құрады және 8,5 миллион клиенттің есепшоты ашылды (жұмысқа қабілетті адамдардың 95 %).


Әлеуметтік мәселелердегі жылдың ең өзекті тақырыбы – әйелдердің зейнетке шығу жасына байланысты өрбіді. Бірқатар пікірталастар нәтижесінде, зейнетке шығу жасы 2014 жылдан бастап келесі 10 жыл ішінде бірте-бірте көтерілетін болды. 10 жылдан соң әйелдер мен ерлердің зейнетке шығу жасы теңесіп, 63 жасты құрайтын болады. Ал, қазан айында «Nur Otan» партиясының маңызды саяси оқиға деп бағалауға болатын жаңа саяси доктринасы қабылданды. Доктрина  партияның ХХІ  ғасырдағы миссиясы мен «Қазақстан 2050» Стратегиясын жүзеге асырудағы рөлін анықтауға бағытталған.


Мемлекеттік қызмет саласында «А» корпусы құрылды. «А» корпусы басқарушы лауазымдағы мемлекеттік қызметкерлерді даярлауға, жетілдіруге бағытталды.  


Бұл жылы Қазақ Елінің кешенді халықаралық резервтері  Ұлттық қордың валюталық активтерін қоса алғанда  90 миллиард долларға жетті. Бұл жылда бірқатар жоғары технологиялық өндіріс нысандары іске қосылды. Олардың қатарында  Павлодар қаласында ашылған полимер өнімдерін шығаратын  «Нефтехим LTD» ЖШС, Орал  қаласындағы  термоберік әйнек шығаратын «Әйнек-Сервис» ЖШС, Тараз қаласындағы  күкірт қышқылын шығаратын «Казфосфат» ЖШС  және т.б атауға болады. Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы «Болашақ-Серхетяка» теміржол өткелі, «Қашаған» шикізатын  қайта өңдеуді көздейтін  Атырау облысындағы  мұнай мен газды кешенді даярлау жөніндегі «Болашақ» зауыты сияқты  шетелдіктермен бірлескен бірқатар жобалар да , сондай-ақ  үдемелі индустриалдық-инновациялық даму аясында 10 жаңа кәсіпорын  іске қосылды.



 


 


 


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:58

19:29

19:08

18:50

18:14

18:03

17:48

17:33

17:22

17:10

16:42

16:30

16:21

15:58

15:37

15:19

15:04

15:03

14:49

14:45

14:20

14:07

14:03

13:59

13:09