ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ: 30 ЖЫЛДЫҢ 30 СӘТІ

ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ: 30 ЖЫЛДЫҢ 30 СӘТІ almaty-akshamy.kz

Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз.


Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.


2016 ЖЫЛДЫҢ  БАСТЫ  ОҚИҒАЛАРЫ


 



  1. «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХVІІ съезі.

  2. Қазақстан Парламентінің Мəжілісі  жəне жергілікті мəслихаттар депутаттары­ның сайлауы

  3. Елбасының «Əлем. ХХІ ғасыр» манифесі.

  4. Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының XIII саммиті.

  5. Қазақстанның Азия тобы мемлекеттерінің атынан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі болып сайлануы.

  6. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиналыс.


 31  наурызда  Қазақстан Президенті  Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV Саммитке  қатысу үшін Америка Құрама Штаттарына барды. Осынау жаһандық форум аясында  Елбасының «Əлем. ХХІ ғасыр манифесі» жарияланды. Саммитте  Нұрсұлтан Назарбаев  сөз сөйледі. Саммит аясында Қазақстан мен АҚШ  мемлекеттерінің Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Барак Обама ядролық қауіпсіздік жəне ядролық қаруды  таратпау саласындағы ынтымақтастық туралы Бірлескен Мəлімдемеге қол қойды. «АҚШ Қазақстан Республикасының ядролық қауіпсіздікті нығайту, сондай-ақ, Вашингтон, Сеул жəне Гаага саммиттерінің ядролық қауіпсіздікке қатысты шешімдерін 2016 жылы іске асыру жөніндегі күш-жігерін құптайды», – делінген Мәлімдемеде.


 4-5 қыркүйекте ҚХР-дың  Ханчжоу қаласында  G20-ның  ХІ-ші саммиті  өтті.  Осынау  әлемнің алпауыт мемлекеттерінің алқалы жиынына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қатысып, сөз сөйледі. 


Қазақстан Азия-Тынық мұхиты аймағынан 2017-2018 жылдарға Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Бұл туралы 2016 жылдың 28 маусымында Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен дауыс беру нәтижесінде анықталды.



 Біздің дәйектеме: Бас Ассамблеяда өткен дауыс беру кезінде Қазақстан 138 мемлекеттің қолдауына ие болды. Ол бұл сайлауда 55 дауыс жинаған Таиланд мемлекетінен басым түсті. Айта кетейік, Азия-Тынық мұхиты аймағы мемлекеттері атынан 1 орынға Қазақстан және Таиланд елдері таласқан болатын. «Дауыс берушілердің үштен екісінің қолдауына ие болып, Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесіне 2 жылға тұрақты емес мүше болып сайланды,  БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 15 мемлекет мүшелік етеді. Ұлыбритания, Қытай Халық Республикасы, Франция, Ресей Федерациясы және Америка Құрама Штаттары – Кеңестің тұрақты мүшелері. Одан бөлек 10 тұрақты емес мүше мемлекетті Бас Ассамблея екі жылға сайлайды. Әр жыл сайын оның бесеуі жаңарып отырады.



                                                     ***


Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайлануына байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың үндеуінен:


Қымбатты отандастар! Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы белесінде тағы бір маңызды тарихи оқиға болды.Еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелері құрамына енді.Бұл Кеңес – Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысымен «халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздіктің басты жауапкершілігі» жүктелген, тұрақты жұмыс жасайтын орган.Еліміздің оған сайлануы – Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі мен еңбегінің мойындалуы деген сөз... БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлану – бүкіл Қазақстан халқының лайықты табысы. Бұл – ұлт толысқандығының көрсеткіші.Бұл Қазақстанның әлемдегі аса дамыған мемлекеттер қатарына ену, қауіпсіз және өсіп-өркендеген болашақ құру жолындағы тағы бір тарихи қадамы болмақ. Мен барлық қазақстандықтарды еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығы белесіндегі осы маңызды оқи­ғамен құт­тық­тағым келеді. Бұл – еліміз үшін қуануға болатын лайықты оқиға.


 2016 жыл халықаралық аренада Қазақстанның ЕАЭО-дағы төрағалық қызметімен басталды. ЕАЭО-дағы төрағалықтың басымдығы – үшінші елдермен және маңызды интеграциялық бірлестіктермен – ең алдымен, Еуропалық одақпен және Қытай Халық Республикасымен экономикалық  қарым-қатынастардың тереңдеуімен өрнектелді. Наурыз айында Вашингтонда өткен ядорлық қауіпсіздіктің төртінші саммитінде Қазақстанның қауіпсіз әлемді қолдаудағы көпжылдық қызметіне айырықша баға берілді. Еліміз  «Ядролық қаруды  таратпаудағы халықаралық көшбасшылығы үшін» арнайы марапатқа ие болды. Ал, 30 маусымда БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес өкілі болып сайлануымен құттықтады. Сайлаудағы дауыс берудің нәтижесі – бұл Қазақстанның белсенді жүргізіп келе жатқан сыртқы саясатына берілген зор баға екені даусыз.


Елдегі жағдайға келсек, жыл басынан-ақ дамудың әлемдік стандарттарына қол жеткізу  үшін қажетті барлық заңдар қабылданды. 1 қаңтардан бастап мемлекеттің, экономика мен қоғамның дамуына түбегейлі жаңа құқықтық орта қалыптастыратын 59 заң күшіне енді. Қаңтар айында халық алдында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  еліміз осы уақытқа дейін қол жеткізген табыстарға тоқтала келе: «Біз көптеген сынақтардан абыроймен өттік, шыңдалдық, рухымыз бекіді. Біз Ұлы Дала Елі – жаңа Қазақстанды – Ұлы даланың жаңарған Елін құрдық»,– деді.


Шілде айында   елордамыз  миллион тұрғыны бар  қалаға айналды. Экономикалық тәуекелдерге қарамастан, мемлекет белсенді әлеуметтік саясатты жүргізуді қолға алды.  Елбасы атап өткендей, 2016 жылдың қаңтарынан бастап білім беру, денсаулық сақтау қызметкерлерінің еңбекақысы 29 пайызға дейін, зейнетақы 40 пайызға дейін өсті, ортақ зейнетақы индексацияланды. Сондай-ақ 2016 жылы мүгедектігі мен асыраушысынан айырылуға байланысты әлеуметтік жәрдемақылар, шәкіртақылар 25 пайызға өсті.


Мәжіліс депутаттары 2016 жылы 13 қаңтарда кезектен тыс Парламент сайлауын өткізу туралы ұсыныс жасады. Расында да, Парламент сайлауын уақыт оздырмай, мәслихаттардың сайлауымен бірге өткізу – уақыт талабы еді. Сөйтіп, Мәжілістің кезектен тыс сайлауы 2016 жылғы 20 наурызға белгіленді.


Елбасы 2016 жылдың қаңтарынан бастап денсаулық сақтау, білім беру және «Б» корпусындағы қызметкерлердің айлығы 30 пайызға дейін, ал әлеуметтік қызметшілердікі 40 пайызға  дейін өсетінін хабарлады. Мүгедектер мен асыраушысынан айырылғандардың әлеуметтік жәрдемақылары, сондай-ақ студенттердің стипендиялары 25 пайызға  өсетін болды. Мемлекет ең қиын жағдайдың өзінде  осылайша халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындауды жалғастыра берді. Жұмыссыздықтың өсімі тежелді. Үкімет өзінің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындап шықты. Бюджеттегілердің еңбекақысы  және жәрдемақылар ұлғайды.  Аз қамтамасыз етілген отбасыларға тікелей көмек ретінде 2016 жылы  1,5 миллиард теңге бөлінген. Жарты миллион көпбалалы отбасы мемлекеттік жәрдемақы алды. Он жылдың ішінде бала туғанда берілетін жәрдемақшаның көлемі 6 есе, ал баланы күтуге байланысты берілетін жәрдем 4  есе артты.


1 наурыз  – Алғыс айту күні алғаш рет  елімізде 2016 жылы аталып өтті. Осы айдан бастап «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заң күшіне енді. Электронды үкіметтің мүмкіндіктері кеңейді. Тек 2016 жылы ғана egov.kz порталы арқылы 40 миллионнан астам, ал «Азаматтарға арналған үкімет» офистерінде 36 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді.


       2016 жылдың елеулі мәдени оқиғасы, мәдени брендтің жаңғыруы ретінде Елордаға Алматыдан «Қазақконцерттің» көшірілуі еді. Осы жылы «Ұлы Дала Елі» атты Қазақстан туралы мобильді қосымшаның тұсауы кесілді, ол  үш тілдегі сандық энциклопедия түрінде өмірге келді.


29  қаңтар


Нұр-Сұлтандағы Тəуелсіздік сарайында «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХVІІ съезі ашылды. Елімізді  дамытудың негізгі мəселелеріне арналған съезд жұмысына Елбасы   Нұрсұлтан Назарбаев   төрағалық етті. ­     


10  ақпан


Мемлекет басшысының  «Қазақстан Республикасында Бала құқықтары жөніндегі уəкіл институтын құру туралы» Жарлығы шықты.


1  наурыз 


Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Елордада Алғыс айту күніне арналған  ауқымды шара ұйымдастырылды. Қазақстандықтар  бұдан былай жыл сайын бұл күнді   Алғыс айту күні  ретінде атап өтетін болады. 


20  наурыз 


Қазақстан  Парламентінің  Мəжілісі  мен жергілікті мəслихаттар депутаттары­ның сайлаулары өтті. Мәжіліс  депутаттарының  сайлауы  нәтижесінде «Нұр Отан» партиясы 82 пайыздан астам  дауыс жинап, айқын басымдықпен  жеңіске жетті.


30  наурыз 


Бельгия Корольдігінің астанасы - Брюссельде (Еуропалық одақ мемлекет­терінің бейресми орталығы)  Қазақстан Республикасының Президенті  Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен  екі кездесу өтті. Қазақ басшысы Еуропалық кеңес төрағасы Дональд Тускпен жəне Еуропалық комиссия төрағасы Жан-Клод Юнкермен маңыздылығы жөнінен ауқымды,  өзекті мəселелерді талқылап, өзара тиімді уағдаластықтарға қол жеткізді. 


2  сәуір 


Мемлекет басшысының   Куба  мемлекетіне сапарында  бірқатар меморандумға қол қойылды.  Гавана қаласында  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Куба Мемлекеттік кеңесінің жəне Министрлер кеңесінің төрағасы Рауль Кастро маңызды мәселелер бойынша келісімге келді.


11  сәуір 


Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Иран Ислам Республикасына барды. Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Руханидің шақыруы бойынша ұйымдастырылған сапар барысында өзара ынтымақтастыққа жол ашатын  60-тан астам екіжақты құжаттарға қол қойылды.


31  мамыр 


 Елордада  өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында бас қосқан  Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Армения Президенті Серж Саргсян жəне Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев  мемлекеттераралық  ынтымақтастықтың маңызды  мәселелерін талқыға салды.


16  маусым 


 Ресейде халықаралық ХХ Петербург экономикалық форумы өз жұмысын бастады. Оның жұмысына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан  Назарбаев  та  қатысып, сөз сөйледі. Ертеңіне Елбасы  форум аясында БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесті,  бірқатар мемлекеттер басшыларымен ынтымақтастық бағыттарын талқылады.


23 - 24 маусым 


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ташкент қаласында өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Саммит аясында Елбасы Ауғанстан Президенті Мохаммад Ашраф Ғанимен жəне Пəкістан Президенті Мамнун Хусейнмен кездесті. Нұрсұлтан  Назарбаев Үндістан мен Пəкістанның ШЫҰ-ға қосылуы оның халықаралық аренадағы беделінің жоғары екенін көрсететіндігін  атап өтті. 


24  тамыз


 Елбасы  ресми сапармен Сербия Республикасына барды. Президенттер Нұрсұлтан Назарбаев  пен Томислав Николич  бірқатар мемлекетаралық мәселелер бойынша келісімге келді.  Қазақ басшысы Белград қаласында Жамбыл Жабаевтың ескерткішінің ашылу рəсіміне  қатысты.


4-5  қыркүйек


 ҚХР-дың  Ханчжоу қаласында  G20-ның  ХІ саммиті  өтті.  Осынау  әлемнің алпауыт мемлекеттерінің алқалы жиынына Нұрсұлтан Назарбаев та қатысып, сөз сөйледі.  


19 қазан


Нұр-Сұлтан  қаласында Рақымжан Қошқарбаев ескерткішінің ресми ашылуы өтті. 1945 жылы Қызыл армия құрамындағы қазақ солдаты ресейлік Григорий Булатовпен бірге бірінші болып Рейхстагтың төбесіне Жеңіс туын тіккені белгілі.


25   қазан


Сауд Арабиясы Корольдігіне ресми сапармен барған  Нұрсұлтан Назарбаев Сауд Арабиясының Королі Салман бен Əбдел Əзиз əл Саудпен кездесіп, келіссөз жүргізді.


7   қараша


Елбасы  Жапонияға ресми сапармен барып,  Император Акихитомен, Жапония Премьер - министрі Синдзо Абэмен кездесті. Мемлекеттер басшылары саяси өзара іс-қимыл, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастың   маңызды мәселелерін талқылады.


9-10   қараша


Қазақстан Республикасының Президенті  Корея Республикасына мемлекеттік сапармен барды.  Нұрсұлтан Назарбаев  пен  Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хе өзара келіссөз  жүргізіп, сауда-экономика, қаржы-инвестиция, көлік-коммуникация, ғылым, техника салаларындағы екіжақты  ынтымақтастықтың кең ауқымды мəселелері  аясында уағдаластықтарға қол жеткізді.


6  желтоқсан


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Елордада  дəстүрлі  Жалпыұлттық телекөпір өтіп,  еліміз бойынша жиырма үш жобаның тұсауы кесілді.


15  желтоқсан


Нұр-Сұлтан қаласының Тәуелсіздік сарайында  Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиналыс өтті. «Тәуелсіздіктің 25 жылы – біздің буынның уақыт өлшеміне сыймайтын теңдессіз ерлігі. Осы мерейтойлық жылда Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануының символдық мәні бар. Парламент қабылдаған Тәуелсіздіктің 25 жылдығы Декларациясы біздің ұлы жетістіктеріміз бен жеңісімізді айшықтаған маңызды саяси-құқықтық құжатқа айналды», – деген Мемлекет басшысы  тәуелсіз  Қазақстанның 25 жылдағы  басты жетістіктеріне тоқталды. «Жетекші халықаралық сарапшылардың пікірі бойынша, еліміз әлемге Қазақстанның «экономикалық ғажайыбының» жарқын үлгісін көрсетті.Біз бейбітшілік пен келісімнің бірегей моделін қалыптастырдық. Жалпы халықтың қалауымен құрылған Халық ассамблеясы барлық ұлтты қанатының астына алып, басын біріктіре білді. Ең бастысы, кез келген адам «Мен – қазақстандықпын, бұл – менің елім, мен мұнда бақытымды таптым!» деп айта алатын әділетті қоғамды орнаттық...Жаңа елдің іргесін қалаған бүгінгі замандастардың ерен еңбегі уақыт өте келе, тіпті мың жылдан кейін де ұрпақтарымызға Отанымызды одан әрі ілгерілету жолында демеу болып, септігін тигізе береді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.


СТАТИСТИКА:


  2016  жылы  барлығы 36 Заң қабылданып, 43  Жарлыққа қол қойылды.


 


ЖЫЛ  ТҮЙІНІ


Сонымен, ел Тәуелсіздігінің жиырма бесінші жылы тағы  қандай жетістіктермен есте қалды?  Қазақстан 2016 жылы  өз газымен өзін қамтамасыз етуге толықтай көшті. Бұл тек экспорт көлемін ғана ұлғайтып қойған жоқ, сонымен бірге жүздеген мың қазақстандықтың тұрғын үйлерін газбен қамтамасыз етуге қол жеткізді. Ауыл шаруашылығы өнімдері мен Қазақстаннан экспортқа шығарылатын өнімдер 5%-ға өсті. Астық өнімдері рекордтық көрсеткішке жетті. 2016 – 2017 жылдары Алматы – Шу екінші темір жол желісі салынды. Қазақстанның темір жол желілерінің  құрылымы оңтайландырылып, елдің инфрақұрылымдық әлеуеті артты. Қазақстанның ішкі көлік логистикасы  жақсарды. Желтоқсанда Құрық айлағындағы алғашқы паром кешені іске қосылып, оған тартылған темір жол құрылысы аяқталды. Металлургия, мұнай өңдеу, машина жасау, құрылыс индустриасында ірі сала түзуші өндіріс құрылды. Өңдеу саласына тартылған шетелдік инвестиция мөлшері артты. Бір жылдың ішінде 130 индустриалды жобалар қатарға қосылды, 10 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Олардың ең бастылары: Қарағанды облысындағы Көктасжал мыс, алтын, күміс концентратын өндіру комбинаты; Алматы облысындағы шойынды қайта құю кешені; Маңғыстау облысындағы бұрандалы қосылыстар зауыты; Батыс Қазақстандағы экокласты бензин өндірісі; Оңтүстік Қазақстан облысындағы құю зауыты. Осы  жылы шетел инвестицияларын тартуда еліміз  ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді – 14 миллиард доллардан астам  инвестиция келді. Негізгі инвестициялар тау-кен өндіру және  өңдеу кәсіпорындарына, геологиялық барлау жұмыстарына бағытталды.Негізгі бағыт – экономикалық өсімнің жаңа драйверін қалыптастыруға және  жалғасты индустриаландыруға байланысты белгіленді.


Қазақстанның барлық аймағында «Жұмыспен қамтуды» қолдаудың кешенді жоспары бекітіліп, онда 300 мыңнан астам адам қамтылды. 2,2  миллион жұмыс орнын сақтау бойынша меморандумдар жасалды.


 ***


«...Мешін жылы еліміз үшін ерекше мерейлі меже болды. Биыл бүкіл халық болып, қастерлі Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өттік. Жас мемлекеттің ширек ғасырлық шежіресі ел тарихында алтын әріппен жазылды. Бұл – біздің маңдайымызға бұйырған мерейлі мәртебе, еншімізге тиген ерен бақыт...Биылғы мерейтойлық жыл біз үшін бірқатар маңызды шараларға толы болды.Елдің саяси өміріндегі елеулі науқан – Парламент сайлауын өткіздік. Ұлы мақсат көздеген Ұлт жоспарының алғашқы жылын табысты аяқтадық.Алдағы 2017 жылдың еншісінде де айтулы оқиғалар мен ауқымды істер мол болмақ. Еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде қызметін бастайтын болады.Бұл – кез келген мемлекет қол жеткізе бермейтін асқақ абырой, мәртебелі міндет. Келер жылы астана меймандары «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде бас қосатын болады.Сонымен қатар, Алматыда дүниежүзілік Қысқы универсиаданың алауы жағылады.Еңселі елордамызда Ислам ынтымақтастық ұйымының саммиті өтеді. Ел қуатты болмай, бақ тұрақты болмайды.Халықтың әл-ауқатын арттырып, экономикамызды дамытуға арналған шаралар жалғасын табады...».


Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың


Қазақстан халқын жаңажылдық құттықтауынан.


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

20:11

19:41

19:13

18:41

18:41

18:17

18:12

17:26

17:26

17:23

17:22

17:12

16:50

16:00

15:20

15:05

14:36

14:35

13:45

13:23

12:51

12:45

12:37

12:14

12:04