Кәсіпқой бокстың жұлдызы, орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы жанкүйерлеріне қуанышты жаңалығын бөлісті, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Боксшы әлеуметтік желідегі парақшасында келісімшарттың соңғы кезеңде екенін мәлімдеді.
«Шешіліп қалды! Келісімшарт 2–3 күнде біту керек! Осы апта жариялайтын шығар! Зор жаңалық болады бұйыртса!» – деп жазды Әлімханұлы.
1bol.kz мәлімдеуінше, бұған дейін белгілі бокс инсайдері Бернардо Пилатти WBO/IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы мен WBC белбеуінің иегері Карлос Адамес арасындағы біріктіру жекпе-жегі 2025 жылдың соңына қарай өтетінін болжаған еді.
Айта кетейік, Жәнібектің соңғы жекпе-жегі биыл сәуір айында Астанада өтті. Ол кезде қазақстандық боксшы француз спортшысы Анауэль Нгамиссенгені бесінші раундта мерзімінен бұрын жеңген болатын.