Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алматыда колледждерге 52 млрд теңге бөлінді

14:05, 22 тамыз 2025 83

Алматыда техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) жүйесі қарқынды дамып келеді. Қазақстанда жарияланған Жұмысшы мамандықтар жылында осы мәселеге көп көңіл бөлінді, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.

Бүгіндері қалалық ТжКБ желісіне 88 колледж кіреді, оның ішінде 22-сі мемлекеттік те, 66-сы жекеменшік. Онда 85 544 адамның 46 838-і мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алып жатыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов осылай деп мәлімдеді.

2025-2026 оқу жылына мемлекеттік грантқа 18 мыңнан астам өтініш түскен. Талапкерлерді тамыз айының соңына дейін қабылдайды. Қазір мамандар 131 мамандық, 220 біліктілік бойынша білім алып жатыр.

Биыл колледждерді жаңғырту жағы да күшейтілді. «Жас маман» жобасы аясында 18 оқу орны құрал-жабдықпен жабдықталды.  Бұған 4,2 млрд теңге жұмсалмақ. Сондай-ақ, биыл жөндеу жұмысына 2,4 млрд теңге бөлінді. Оның 170 млн теңгесі алты колледждің материалдық базасын жаңартуға жұмсалды.

Алматыда техникалық және кәсіптік білім беру саласына ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазір қалада бірқатар жаңа жоба қолға алынған. Соның ішіндегі ең үлкені - Алматы көлік және механика колледжінің жаңа ғимараты. Ол 1050 студентке есептелген, ішінде 120 орындық жатақхана болады. Тағы бір колледжде бөлек, тағы бір колледжде 300 орындық қосымша ғимарат салынады. Оларды қараша айының соңына қарай қолданысқа беру жоспарланған. 

Алатау ауданындағы Алғабас ықшамауданында инновациялық техникалық колледж салу басталып кетті. Жоба аясында оқу корпусы, жатақхана, шеберханалар, спорт және демалыс алаңдары, толық инфрақұрылым салу көзделген. Құрылысы 2026 жылдың ақпанына таман аяқталмақ. 

Қалалық ТжКБ жүйесіне бөлінген бюджет – 52,1 млрд теңге. Оның 679 млн теңгесі тәлімгерлік бағдарламаларды дамытуға, WorldSkills чемпионатын өткізуге, жатақхана күтімі мен колледждерді қаржылай қолдауға бағытталды. 

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жасалып жатқан іс-шаралар жастарға жаңа мүмкіндік ұсынып, еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларды даярлауға жол ашып отыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар