Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алматы облысында Talgar Eco City жобасы таныстырылды: Халықаралық әріптестік жаңа деңгейге көтерілді

13:05, 27 тамыз 2025 141

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Жоғары мәртебелі шейх Абдулла бен Мохаммед бин Бутти Әл Хамед және Talgar Eco City жобасының бастамашысы әрі иесі Бақыт Атайбековпен кездесті, деп хабарлайды Alash.kz.

Келіссөздер Қазақстанның БАӘ-дегі елшісі Рауан Жұмабектің қолдауымен өтті.

Talgar Eco City жобасы Талғар қаласы мен Ақдала ауылын қамтитын 600 гектар аумаққа жоспарланған. Онда тұрғын үйлер, мектептер, медицина орталықтары, сауда және ойын-сауық кешендері салынып, заманауи жасыл аймақтар құрылмақ. Концепцияның басты ерекшелігі — экологиялық таза және «жасыл» технологияларды кеңінен қолдану.

Жобаның бас жоспарын БАӘ-нің AE7 халықаралық компаниясы дайындаған. 2025 жылдың шілдесінде Алматы Халықаралық Қаржы Орталығы аясында қазақстандық Dinar Holding Ltd. және әмірліктерлік 44Degree компанияларының қатысуымен Talgar Development Ltd. бірлескен кәсіпорны құрылды.

Облыс әкімдігі жобаның жүзеге асуына жан-жақты қолдау көрсетпек. Атап айтқанда, инженерлік желілерге қосылу және 2028 жылға дейінгі Алматы агломерациясын дамыту бағдарламасы аясында сыртқы инфрақұрылымды жетілдіру мәселелері қамтылған.

Сапар аясында әкім EXIM Finance компаниясының басшысы Салах Ибрагим Әл Нассермен де жүздесті. Әңгіме ауыл шаруашылығы, логистика және туризм саласындағы облыстық жобаларды қаржыландыруға арналды. Айта кетейік, 2017 жылы Дубайда құрылған EXIM Finance халықаралық деңгейде экспорттық-импорттық және инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция салуымен белгілі.

Сонымен қатар, малайзиялық International Investment Consortium (IIC) инвестициялық банкінің жетекшісі Dato Dr. Arshad Mahmood мырзамен кездесу өтті. Кездесуде Алматы облысындағы ірі инфрақұрылымдық бастамаларды қолдау және қаржыландыру тетіктері талқыланды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар