Алматыда абаттандыру ережелерін бұзған 7 мыңнан астам құқық бұзушы жазаланды

Алматыда абаттандыру ережелерін бұзған 7 мыңнан астам құқық бұзушы жазаланды
Сурет: Polisia.kz

Алматы қаласының тәртіп сақшылары уәкілетті органдарға көмек көрсете отырып, “мүлдем төзбеушілік” қағидаты бойынша алдын алу шараларын жүргізіп, қоғамдық орындарды ластап, қаланы абаттандыру ережелерін бұзған азаматтарға шара қолданып жатыр.

Бұл күндері қалада “Алматы – біздің ортақ үйіміз” науқаны өтіп жатыр. Бастама Алматы қаласының эстетикалық жағдайын жақсартуға бағытталған. Әр адамның өз үйі бар, ол оның тазалығын қадағалайды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

«Алматы – біздің ортақ үйіміз, біз өз үйіміздің тұрғындары ретінде оны таза ұстауымыз керек. Азаматтарды табиғатты ластамауға және оны аялауға шақырамын. Бірлескен күш-жігер арқылы ғана біз оны сақтап, келешек ұрпаққа мол мұра ретінде жеткізе аламыз», – деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.

Жыл басынан бері қоғамдық орындарды ластап, Алматыны абаттандыру ережелерін бұзған 7 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.