ДДСҰ тырысқақ індетіне қатысты ескерту жасады

ДДСҰ тырысқақ індетіне қатысты ескерту жасады
Сурет: интернеттен

2023 жылдан бері бұл мәселе ушыға түскен.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшысы әлемде тырысқақ ауруының көбеюіне байланысты бұған назар аударуға шақырып отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

5 900 адам қайтыс болған!

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тырысқақ және эпидемиялық диареялық аурулар тобының жетекшісі Филипп Барбоза «әлем бойынша тырысқақ індетінің күшеюіне» назар аударды. Ол климаттың өзгеруі салдары мен дер кезінде емделуге қаржы жетіспеуінен жағдай қиындап отырғанын атап өтті. Былтыр қаңтарда ДДСҰ бұл аурудың өршуін үшінші деңгейдегі төтенше жағдай, яғни ең жоғары деңгей деп бағалаған еді.

Барбозаның айтуынша, содан бері жағдай тек нашарлап жатыр. Кейінгі мәліметтерге сәйкес, 2023 жылдың басынан 2024 жылдың 31 наурызына дейін 31 елде тырысқақ ауруын жұқтырған 824 479 адам тіркеліп, 5 900 адам қайтыс болған.

Өздігінен емделуге болмайды!

Еске салсақ, Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі азаматтарға тырысқақ ауруына байланысты ескерту жасаған болатын. ДСМ қазақстандық туристерге тырысқақ ауруы бойынша қолайсыз елдерге (Африка, Азия, оның ішінде Үндістан, Ауғанстан, Пәкістан елдері) бару кезінде мынадай кеңес берген:

қайнатылған немесе бөтелкедегі суды ішу;

әр түрлі сусындарды салқындату үшін мұзды пайдаланбау;

⁠өнімдерді тұтыну алдында тиісті термиялық өңдеу;

жемістер мен көкөністерді қайнатылған немесе бөтелкедегі сумен мұқият жуу;

тамақ ішер алдында және дәретханаға барғаннан кейін қолды сабынмен мұқият жуу;

тек рұқсат етілген су айдындарында шомылу және оның суын жұтпау;

аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде өздігінен емделуге болмайды, дереу медициналық көмекке жүгіну керек.