«Аула сақшылары» әділдіктің бастаушысы

 «Аула сақшылары» әділдіктің бастаушысы
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Әкесінің жұмысына байланысты Алиханның отбасы ауылдан қалаға көшеді. Алихан ауылда өз достарының арасында беделді, әрі түрлі идеяны бастау етіп алатын көшбасшылық қабілеті басым болды. Үнемі жан-жағына қол ұшын беріп, ауыл қарттарына көмектесіп, көптің алғысына бөленген еді.

Қалаға көшіп келгелі жалғыз өзі іші пысып, аз уақытта жан-жағын бақылауға кіріседі. Ауладағы қоқыстарды тазарта бастайды, үлкендерге көмектесіп аула сыпырады, қоқыс жәшігіндегі отты сөндіріп, өзіне алғашқы дос табады. Осылайша достар жинап, олармен өте тату болып, үй астындағы жертөледен өздеріне штаб жасайды, «Аула сақшылары» командасын құрайды. Аула мәселелеріне араласа бастайды. Осы кезде пәтер иелері кооперативінің басшысы балалардың жасаған жұмыстарын өз пайдасына жаратпақ болады. Балалар ауладағы үйсіз жүрген қарт адамды қалыпқа келтіріп, өз командаларына қосады. Алайда қарт кісінің пәтерін ПИК басшысы бірнеше жыл бұрын тартып алғаны белгілі болады. Команданың жұмысы қиындай түседі. Осылайша үлкендер шешетін сұрақтарға да тап болады.

Алиханның аты бүкіл қалаға танылып, команда мүшелері көбейіп, әр аулаға үлгі болады.  ПИК басшысының әрекетін айқындап, ақырында қартқа да көмектеседі.

Балалардың ауласы қала бойынша танымал бола бастайды.

Осылайша көптеген мәселелерге араласатын ауыл сақшылары өз бастамаларын еліміздің басқа да қалаларына челлендж ретінде жариялайды.

Бүгінгі күнгі осынау мәселені кино сюжеті ретінде алған бас продюсер Мұратәлі Оспанбай мен режиссер Медет Ілгедаевтың  «Аула сақшылары» кино жобасын 2 мамырдан бастап көре аласыздар.