Қазнетте мемлекеттен төленетін төлемдер туралы фейк жаңалықтар тағы да тарауда

Қазнетте мемлекеттен төленетін төлемдер туралы фейк жаңалықтар тағы да тарауда
Сурет: Stopfake.kz

Facebook әлеуметтік желісінде алаяқтардың жарнамасы тағы да таралды.

Онда жаңа мемлекеттік бағдарлама аясында барлық қазақстандықтарға қосымша төлемдер төленетіні туралы айтылған. Бұл ақпаратқа сенбеген жөн, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Алаяқтар ескі тәсілді қолданып отыр: видео жалған дауыспен дыбысталған. Ал сенімдірек болуы үшін күнін 2024 жылғы 22 сәуір деп көрсетілген.

Шын мәнінде, таралған видеода бір-бірімен байланысы жоқ жаңалықтар сюжеттері ұсынылған.

Экрандағы бастапқы cурет «Мир» телеарнасының» Вместе» бағдарламасынан алынған. Видеода оның жүргізушісі Екатерина Абрамова да көрсетілген. Телеарнаның сайтында тұрғындарға дивидендтер төленетін қазақстандық жаңа мемлекеттік бағдарлама туралы ақпарат жоқ.

Тағы бір үзінді – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңес отырысы. Толық видеосы 2019 жылғы 20 мамырда Astana TV телеарнасының сайтында орналастырылған. Онда қазақстандықтарға төленетін қосымша төлемдер туралы айтылмайды.

Мемлекет басшысының ресми сайтында да жаңа төлемдер туралы жарлықтар жоқ.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми порталында да әлеуметтік қолдаудың жаңа шаралары туралы жазылмаған.

Алаяқтар жоқ төлемдерді төлейміз деп бұрын да айтып келген. Бейтаныс ресурстарда жеке деректерді қалдырмаңыздар. Оларды алаяқтар иемденіп, өз мақсатында пайдалануы мүмкін.