«Біз музейге ораламыз..»

«Біз музейге ораламыз..»
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Өнерді сүйетін, өткенді қадірлей білетін ұрпақ жамандықтан аулақ болып, жақсылық атаулыға жақын жүретіні сөзсіз.

Түрксіб ауданындағы №59 мектеп-гимназияның оқушылары мұғалімдерімен бірге биыл 120 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатқан суретші Әбілхан Қастеев есімін иленген ҚР Мемлекеттік өнер музейінде болды.

«Музейді бетке алып келе жатқанда балалардың автобус ішін жастыққа тән шат күлкіге бөлеп, тезірек жетсек екен деп ынтыққаны қуантты. Жүрегі нәзік, әдемілікті көруге асық шәкірт тәрбиелеп жатқанымызға қуандым», – дейді мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Арайлым Тұрғазы. 

Ал өнер ғимаратының табалдырығын аттағаннан-ақ оқушылардың көзі жанып, әр картинаға үңіле, сыр іздеп, тіпті, бір-бірімен талқылап жатты. Музей қызметкері Гүлнұр Алпысбайқызы балаларды халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің өмір жолымен, бірегей туындыларының тарихымен таныстырды. 
Музейде Ә.Қастеевтің 300-ден астам кескіндемелік және графикалық туындысы бар. Оқушылар қылқалам шеберінің картиналары арқылы қазақтың дәстүрлі өмір сүру салтымен, тыныс-тіршілігімен, отбасы құндылықтарымен танысты.

«Әбілхан Қастеевтің портрет жанрының нағыз шебері екеніне көз жеткіздік. Қазақтың ұлы ақыны Абайдың бейнесін көргенде, суретшінің тұлғаның  жан дүниесіне терең үңіле білгенін сезінгендей болдық.  Суретші жасаған туған өлкенің бейнелерінен эпикалық ұлылықты, панорамалық кеңдікті, лирикалық күшті сезіндік десек те болады. Біз тағы да ораламыз. Бұл – балалардың тілегі», – дейді №59 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлжан Оспанова.

Балалардың музейге жасаған бұл экскурсиясы аталған білім ордасындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәндері кафедрасының «Ұлт руханиятындағы дара тұлғалар» атты онкүндік аясында «Мерейтойлар керуені» бағыты бойынша ұйымдастырылды.