Ертең «Наурыз» ипотекалық бағдарламасы іске қосылады

Ертең «Наурыз» ипотекалық  бағдарламасы іске қосылады
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Бағдарлама 8 жылға арналған.

Мамыр айында демалыс күндері көп болатындықтан, Отбасы банкі өтінім қабылдауды бес күн бұрын бастау туралы шешім қабылдап отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Мына жағдайларға мән беріңіз:

  1. Отбасы банкінде депозит болу керек, жоқ болса – ашыңыз. Себебі, бұл бағдарламаның ерекшелігі сол – депозит мерзімі ескерілмейді, яғни, маңызды емес.
  2. Жинақ шотыңызда кемінде 1 млн теңге жатуы керек. Бұл соманы өтініш берер алдында да шотқа аудара салуға болады.
  3. Соңғы 5 жыл ішінде бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің меншігінде үй болмауы керек.

Отбасы мүшелеріне: күйеуі, әйелі және олардың кәмелетке толмаған балалары жатады. Егер қатысушы некеде болмаса, онда атында үйдің бар-жоғы тек өз басына тексеріледі. Бағдарламаға қатысушының ата-анасынан ол ақпарат тексерілмейді.

  1. Соңғы 6 айда ресми табысың болуы керек.

25 сәуірде өтінімді otbasybank.kz порталында тапсырасыз. Қабылдау мерзімі екі ай, яғни 30 маусымға дейін (қоса алғанда) жалғасады.

Бағдарламаның шарттары:

алғашқы жарна – 20%-дан басталады;

тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін кредит ставкасы – 7% (ЖТСМ 7,3%-дан 8,9%-ға дейін);

азаматтардың барлық санаты үшін кредит ставкасы – 9% (ЖТСМ 9,3%-дан 11,8%-ға дейін);

несие мерзімі – 19 жылға дейін.

Бағдарлама 8 жылға арналған. Осы уақыт аралығында еліміздің 68 000 азаматын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланған. Биылғы меже бойынша, 12 мың қазақстандық үйлі болуы керек.