«Мектеп ауласының оазисі» ландшафт дизайны фестивалі ұйымдастырылды

«Мектеп ауласының оазисі» ландшафт дизайны фестивалі ұйымдастырылды
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Табиғатты таза ұстап, туған жерді түлетейік! Алып шаһарда  қала әкімі Ерболат Досаевтың бастамасымен «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны жалғасып жатыр. Экологиялық акция аясында мегаполистегі барлық оқу орнында «Мектеп ауласының оазисі» ландшафт дизайны фестивалі ұйымдастырылды. Білім ордасының алаңын көгалдандыру, дизайн шығармашылығын дамыту мақсатында өткен байқауға Алатау ауданына қарасты №178 мамандандырылған лицей оқушылары үлкен ықыласпен қатысты. Олар  “Бақытты балалық шақ”, “Көркем көбелек”, “Құстар гүлзарда”, “Табиғат сыры” сынды бірнеше жоба жасап, лицей ауласын ерекше безендірді. Акция аясында оқу ордасында “Алматы-біздің қала” атты сынып сағаттары өткізілді. Сондай-ақ, қоқыстар қоршаған ортаны ластап, полигонда шіріп, табиғатты тұншықтырмас үшін оны қайта өңдеуге өткізу  мақсатында «Қоқысыңды сұрыпта» шарасын жүргізді.

Алматыда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Құстарға үй сыйлайық» шарасы да ерекше ұйымдастырылды.  №178 мамандандырылған лицей  оқушылары бұл акцияда да белсенділік танытты. Білімгерлер  «Технология» сабағында Берік Нәбиұлының жетекшілігімен табиғи ағаш қалдықтарын кәдеге жарата отырып, құс ұяларын өз қолдарымен жасап, оны №95 балабақшасының ауласындағы ағаштарға орнатты. Оқушылар бүлдіршіндерді табиғатты аялау мен құстарға қамқорлық жасауға шақырды.

Айта кетейік, «Мектеп ауласының оазисі» ландшафт дизайны фестивалі барысында қалада орын тепкен 215 мектептің ауласында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 5-11 сынып оқушыларының көмегімен  20 мың гүл, 430-дан астам жеміс ағаштары, 200-ден астам туи ағашы отырғызылды. Үздік жоба жеңімпаздары 24 сәуірде Студенттер сарайындағы өтетін «Қызғалдақтар» фестивалінде марапатталады. Ал, «Құстарға ұя сыйлайық» мектеп челленджі аясында Алматыда 1 мыңнан астам құс ұясы жасалды. Олар мектеп ауласында, саябақтар мен алаңдарда орнатылды. «Қоқысты кофеге/тағамға айырбаста» акциясы аясында алматылық балалар мен ересектер 737 келі қайта өңделетін шикізатты (138 кг пластик, 95 кг алюминий, 210 кг макулатура, 294 кг шыны) тапсырды.

Еске салайық, алматылықтар мен қала қонақтары 8 мамыр, яғни науқанның соңына дейін алып шаһарды көркейтуге белсенді қатыса алады. Осы аптада тауларда, өзендер мен су айдындарының жағалауларында, сондай-ақ қаланың саябақтары мен скверлерінде қоқыстардан жаппай тазалау және ағаш отырғызу өтеді.