Тұрып тамақтанудың зияны бар ма?

Тұрып тамақтанудың зияны бар ма?
Сурет видеодан алынды

Фуршет қазіргі күні қоғамның ажырамас бөлігіне айналды. Келелі басқосуларда, конференция, форумдарда сол іс-шара өтіп жатқан ғимаратта дастархан жайылады. Адамдар үстел айналасында тұрып тамақтанады. Фуршет деген сол. Яғни уақыт та үнемделеді, адам қарасының көптігінен орын да сыйымды болады.

Бірақ қара судың өзін отырып ішу керек, асығыс болсаң да тізе бүгіп, нан ауыз ти деп жатамыз. Тұрған күйде тамақтану зиян емес пе? Пайдасы бар ма? Бұл сауалымызға № 21 қалалық емханаға қарасты  «Кемел» отбасылық дәрігерлік амбулаторияның жалпы практика дәрігері Нәзира Қулебаева жауап береді.

– Тамақты тұрып жеуге болмайды деп айту даулы мәселе. Бұл біреуге зиян, ал біреуге керісінше пайдалы болуы мүмкін. Жалпы, адам тамақты тұрып жегенде, ол ағзаға қажет мөлшерден көп тамақ жей алады. Асқазан созылуы және бұл асқазанның летаргиясына әкелуі ықтимал. Сонымен қатар шамадан тыс тамақтану семіздікке әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, фуршеттерде тек қатты тағамдар беріледі, оларды мұқият шайнау керек. Ресми іс-шараларда адам тікесінен тік тұрады. Сондықтан адам өзін үйдегідегідей жайлы емес, ыңғайсыз сезінуі мүмкін. Тамақты асығыс, әрі толығымен шайнамай жей беруі мүмкін. Бұл асқазанға ауырлық түсіріп, ас қорыту жұмысын қиындатады. Дегенмен, тұрып тамақтанудың жағымды жақтары да бар. Бұл асқазан қыжылы мен гастроэзофагеальды рефлюкс ауруының белгілерін жеңілдетуі мүмкін. Өйткені рефлюкс асқазандағы шамадан тыс қысымнан туындайды. Сондай-ақ, адам тұрып жегенде, отырып тамақтанғанға қарағанда көбірек энергия жұмсайды. Бұл салмақ тастағысы келетіндер үшін тиімді. Ауырмайық, ағайын!